česky  қазақша  по-русски 

Кеңейтілген іздеу
na_celou_sirku
Photo: Pexels
Article notification Print Decrease font size Increase font size Facebook logo LinkedIn logo

Чехияның KHAANZAA компаниясы ЕҚДБ-ның халықаралық тендерін ұтып алып, Қырғызстанда заманауи ағынды суларды тазарту станциясын сәтті жүзеге асырды.

Қырғызстан Орталық Азиядағы су көздерінің бастауында орналасқан ел. Соған қарамастан, мұнда да ескі инфрақұрылым, су және кәріз қызметтерінде бірқатар мәселелер туындайды. Еуропалық қайта құру және даму банкі қаржыландырған 2,6 млн еуро көлеміндегі тендерде KHAANZAA компаниясының табысқа жетуі чех мамандарының бұл саладағы тәжірибесін халықаралық деңгейде көрсетіп, Қырғызстанның су инфрақұрылымын жаңартуға үлкен үлес қоса алатынын дәлелдейді.
Осы мүмкіндікті ескере отырып, Чех Республикасының Астанадағы Елшілігі 2026 жылғы мамыр айында осы сала бойынша арнайы іскерлік сапар ұйымдастырып, чех компанияларын қолдауды жоспарлап отыр.

Мықты бастама, өсіп келе жатқан қысым

Қырғызстан су ресурстарына бай ел, әсіресе тау мұздықтарының үлесі үлкен. Ұзақ жылдар бойы ол аймақта су тұрақтылығын сақтауда маңызды рөл атқарып келеді. Бірақ климаттың өзгеруі бұл елге де әсер етуде: су қорының азайып баруы, инфрақұрылымның ескеруі, су жүйесіндегі шығынның өсуі және аймақ деңгейінде қыста гидроэнергетика мен жазда суару қажеттіліктерін әрдайым үйлестіру оңай емес.

Осы жағдайға байланысты үкімет 2023 жылы 2040 жылға дейінгі Ұлттық су стратегиясы аясында су саласын жаңғырту туралы шешім қабылдады. Стратегияның негізгі бағыттары — су ресурстарын ластанудан және сарқылудан қорғау, суды тиімді пайдалану және су шаруашылығын басқаруды жақсарту.

Су ресурстарын басқару жүйесін тез арада ретке келтіру керек. Дүниежүзілік банктің деректеріне сүйенсек, Қырғызстан су пайдалану саласында бірқатар бағыт бойынша артта қалып отыр. Мысалы, су тасқынын алдын ала жоспарлау және жер асты суларын басқару жүйесі жеткілікті дамымаған. Ел бойынша үйлердің орта есеппен тек 20 пайызы ғана орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған. Ауылдық жерлерде көбіне жеке шешімдер қолданылады, ал 1980-жылдары салынған көптеген нысандар бүгінде күрделі жөндеуді қажет етеді. Соның салдарынан жеткілікті тазартылмаған, тіпті мүлде тазартылмаған ағынды сулар су көздеріне төгіліп, оларды ластап отыр.

Ағынды суларды тазалауға бағытталған экологиялық жобалар халықаралық ұйымдардың қаржылық қолдауына ие болуда. Сондай жобаларға чех компаниялары да қатыса алады. Солардың бірі — KHAANZAA spol. s r.o., ол 2022 жылы ЕҚДБ-ның 2,6 млн еуро көлеміндегі халықаралық тендерін ұтып алды. Бұл оның Қырғызстандағы үшінші жобасы. Бұған дейін компания Ыстықкөл облысындағы Aurora санаторийіндегі тазалау құрылғыларын жаңартты (Чехия даму агенттігінің B2B бағдарламасы арқылы қаржыландырылды) және Қара-Суу қаласындағы ағынды суларды тазарту станциясын салу бойынша ЕҚДБ-ның тағы бір халықаралық тендерінде табысқа жетті.

 Бұл жобалар чех компанияларының халықаралық деңгейде тек сапалы техникалық шешімдермен ғана емес, бәсекеге қабілетті баға, икемділік және жобаның өмірлік циклінде кәсіби тәсіл ұсына алатынын айқын көрсетеді.

Өзген жобасы: заманауи тазарту станциясы

Белгілі шетелдік компаниялармен бәсекеге қарамастан чех фирмасын таңдау Чехияның технологиялық тәжірибесінің жаһандық нарықта сенімді орнын көрсетеді. Жобаның жетекшісі Ярослав Фиала атап өткендей: «ЕҚДБ тендеріндегі жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Бұл — жылдар бойғы тәжірибе, сапалы техникалық шешімдер және экономикалық тиімді жобаны ұсыну қабілетінің нәтижесі».

KHAANZAA компаниясының шешімі таза судың сапасын жоғарылатып, эксплуатациялық шығын мен энергияны үнемдеуге мүмкіндік береді. Жоба «толық аяқталған» қағидаты бойынша жүзеге асырылды: жобалау жұмыстары мен құрылыс, іске қосу және персоналды оқыту толық қамтылды. Көптеген машиналар мен жабдықтарды чехиялық мердігерлер жеткізді, бұл Чехияның өнеркәсіптік экспорт мүмкіндігін одан әрі күшейтеді.

Станция каскадты жүйе бойынша жобаланған және активтелген илді сатылы жүктеу принципімен жұмыс істейді. Бұл процесс энергияны үнемдеп, ағынды судағы органикалық заттарды тиімді өңдеуге мүмкіндік беріп, ұзақ мерзімде экологиялық және экономикалық пайда әкеледі. Мұндай шешім, әсіресе, бюджеттік мүмкіндіктері шектеулі муниципалитеттер үшін маңызды.

2025 жылғы қарашада станция ресми түрде Өзген қаласының су жүйесіне беріліп, салтанатты түрде ашылды. Заманауи инфрақұрылым тұрғындардың өмір сапасын айтарлықтай жақсартып, жергілікті су ресурстарын қорғауға да үлес қосады.

Су ресурстарын басқару саласындағы чех компанияларын белсенді қолдау

Чех Республикасының Астанадағы Елшілігі су шаруашылығы саласында жұмыс істейтін чех компанияларын ұзақ мерзімді негізде қолдап келеді. Толық іске асырылмаған әлеуетті ескере отырып, Чех Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлігі және Өнеркәсіп пен сауда министрлігімен бірлесіп, 2026 жылғы мамыр айында чех су шаруашылығы технологияларын таныстыруға арналған салалық миссия ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл шара экономикалық дипломатияны қолдау жобасы (PROPED) аясында өтеді. Қосымша ақпарат алу үшін Чех Республикасының Астанадағы Елшілігінің сауда-экономикалық бөліміне хабарласыңыз: commerce.astana@mzv.gov.cz.

Galleries


Khaanzaa v Kyrgyzstánu