
Танымал, бірақ толық зерттелмеген – Қазақстан.
29.07.2025 / 13:04 | Aktualizováno: 29.07.2025 / 13:11
Қазақстан чех туристері үшін танымал туристік бағыттардың бірі болып саналмайды. Алайда, бұл ел ұсынатын мүмкіндіктер аз емес. Мұнда көркем табиғат, ерекше көрнекі орындар және, мысалы, Каспий теңізі бар. Сонымен қатар, тікелей әуе қатынасының болуы бұл елді бір рет қана емес, бірнеше рет баруға тұрарлық бағыттардың қатарына қосуға болады.
Қазақстандағы туризм саласы тұрақты өсіп келеді. Егер 2023 жылы шетелдік туристтер саны 9,2 миллионнан асса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 15,3 миллионға жеткен. Алдағы жылдары да бұл бағытқа деген қызығушылық арта түседі деп күтілуде. Еуропалық елдер арасында Қазақстанға ең көп барғандар — Германия азаматтары, олардың саны 92 мың адамды құрады. Бұл — 2023 жылмен салыстырғанда 8 %-ға артық. Бұл категорияда көш бастап тұрған — Үндістан, Қазақстанға келген үнді туристер саны 146 мың адамға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 88 %-ға артқан. Ең жиі баратын аймақтар қатарында Алматы қаласы 507,7 мың келушімен көш бастап тұр. Одан кейінгі орында — қазіргі елорда Астана (261,9 мың), ал үшінші орында — Маңғыстау облысы (35,6 мың).
2024 жылы The New York Times Алматыны әлемнің ең үздік 25 туристік бағытының қатарына қосты. Condé Nast Traveller Қазақстанды әлемдегі үздік бес тау-шаңғы бағытының қатарына енгізсе, El País оны әлемдегі ең мистикалық 100 орынның бірі ретінде атап өтті. Lonely Planet секілді өзге де беделді басылымдар осыған ұқсас пікір білдіруде. Демек, бұл ел чех туристерінің де картасында өз орнын алатын уақыт жетті деген сөз.
Сонымен, бұл ел чех туристтерiне не ұсына алады? Шынайы, қол тимеген әсем табиғат жыл бойы түрлі деңгейдегі спорттық белсенділікке қолайлы. Астана мен Алматы ғана емес, басқа да қалалар мәдени және сәулет өнерін бағалайтындар үшін қызықты орындар ұсына алады. Чех туристтері табиғат сұлулығына деген ерекше қызығушылығымен танымал. Жабайы табиғат пен алуан түрлі ландшафттар — шытырман оқиғалар іздейтіндер үшін тамаша мүмкіндік. Алайда, Алматы маңындағы табиғи көрікті жерлерге жету аса спорттық дайындықты қажет етпейді, сондықтан олар әркімге қолжетімді. Сәулет өнеріне қызығатындар да өз талғамына сай нысандар таба алады. Астана мен Алматыда заманауи сәулет үлгілерін көруге болады, ал ел аумағында көне тарихи ескерткіштер де аз емес. Көпшілік біле бермейтін жайт — Ұлы Жібек жолы, Қазақстанның оңтүстік бөлігінен өткен, осыған байланысты бұл аймақтарда діни және зайырлы нысандар көптеп кездеседі. Бұл тұрғыда Түркістан өңірін ерекше атап айтуға болады. Алайда Қазақстан өзге де қызығушылық танытқан туристтерге түрлі мүмкіндік ұсына алады. Мысалы, мұнда аң аулау туризмі жақсы дамыған. Сонымен қатар, кейбір тарихи нысандар мистикалық немесе «қара» туризммен айналысатын адамдарға да қызықты болуы мүмкін. Бұдан бөлек, еліміздің көптеген қалаларында, әсіресе Астана мен Алматыда, көркем балет қойылымдары мен концерттерді тамашалауға болады.
Бұл аталған бағыттардың көпшілігін жеке саяхатпен тамашалау мүмкін еместігі — бір кемшілік. Сондықтан осы аймаққа қызығушылық танытып отырған чех туристік агенттіктері мен сала өкілдері үшін жаңа кәсіпкерлік мүмкіндік туындап отыр. Чех компанияларының көпшілігі бүгінде көршілес елдерде танымдық және іс-шаралар туризмі бағытында қызмет көрсетуде. Ал кейбіреулері туристерді апаруға болатын жаңа бағыттарды іздеп жүр, бұл тұрғыда Қазақстан болашағы зор нарық ретінде ерекше назар аударуға лайық. Айта кетерлігі, Қазақстанда туризмді дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда көпшіліктің назарына іліге қоймаған тарихи орындар алдағы жылдары шетелдік туроператорлардың бағдарларына енуі мүмкін. Сондықтан бұл мүмкіндікті дер кезінде пайдалану маңызды.
М. Печкова, Чехия Республикасының Астанадағы Елшілігі