Астана мен Прага ынтымақтастықты одан әрі дамыту мүмкіндіктерін талқылады

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов 2026 жылғы 25 ақпанда Чех Республикасының Елшісі Павол Шепелякпен кездесу өткізді. Қазақстандық дипломат чех әріптесін парламенттік сайлаудың сәтті өтуімен және министрлер кабинетінің жаңа құрамының жасақталуымен құттықтады. Сондай-ақ, ол елдеріміз арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайту мен дамыту мақсатында сындарлы іс-қимылдың жалғаса беретініне сенім білдірді.

Сұхбаттасушылар мәселелердің кең ауқымын талқылап, саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екендіктерін растады.

«Астана энергетика, көлік, машина жасау, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда чех компанияларымен өзара іс-қимылды арттыруға мүдделі. Біздің мақсатымыз – осы салалардағы өсім мен инновацияларға ықпал ететін өзара тиімді серіктестік орнату», – деді А. Исетов.

Осы орайда ол 2025 жылғы сәуірде «Қазатомөнеркәсіп» пен чехиялық «ČEZ» (ЧЕЗ) компаниясы арасында Чехияның атом электр станциялары үшін қазақстандық уран концентратын жеткізуге жасалған келісімшартты ерекше атап өтті. Бұл екіжақты ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды практикалық қадам болып табылады.

Тараптар өзара сауда мен инвестиция көлемін одан әрі ұлғайту үшін айтарлықтай әлеуеттің бар екенін мәлімдеді. Осыған байланысты Экономикалық, өнеркәсіптік және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Чехия үкіметаралық комиссиясы жұмысының маңыздылығы атап өтіліп, оның 2025 жылы өткен 12-ші отырысының қорытындыларына оң баға берілді.

Кездесу соңында дипломаттар бірлескен бастамаларды жүзеге асыру арқылы өзара тиімді серіктестікті одан әрі тереңдетуге жәрдемдесуге уағдаласты.