
Чехия Республикасының Қазақстандағы Елшілігі чех санаторий-курорт саласын қолдау мақсатында екі семинар өткізді.
29.07.2025 / 12:52 | Aktualizováno: 29.07.2025 / 13:02
2025 жылғы 12 және 14 мамырда Чехия Республикасының Елшілігі Қазақстанның екі ірі қаласы – Алматы мен Астанада чех курорттық индустриясына арналған семинарлар ұйымдастырды. Чехия тарапынан іс-шараға CzechTourism туризмді дамыту агенттігінің өкілдері, қонақ үйлер мен шипажайлардың, сондай-ақ түрлі демалыс қызметтерін ұсынатын ұйымдардың өкілдері қатысты. Бірқатар компаниялар өз қызметтерін Қазақстан нарығында алғаш рет таныстырды. Атап айтқанда, бұл – AXXOS HOTELS & RESORTS s.r.o. Jáchymov, Františkovy Lázně AQUAFORUM a.s., Lázně Poděbrady, a.s. және Royal Spa, a.s. компаниялары. Чех қонақ үйлері Astoria Hotel және Medical Spa, THERMAL-F, a.s. және Olympic Palace s.r.o. өкілдерімен ұсынылды. Сонымен қатар, демалыс пен сауда қызметтері Fashion Arena аутлет-орталығы арқылы таныстырылды. Астанада өткен семинар барысында Чехия Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің өкілі Йозеф Богач кіріспе сөз сөйледі. Екі іс-шара да жергілікті туристік агенттіктер тарапынан айрықша қызығушылық тудырды.
Бұл — Чехия Республикасының Астанадағы Елшілігі тарапынан чех курорттық индустриясын қолдау мақсатында ұйымдастырылған екінші ресми іс-шара. Чехия мен оның шипажайлары, әсіресе Карловы Вары, қазақстандық туристер арасында кеңінен танымал, өйткені бұл бағыттар тарихи тұрғыда тұрақты туристік қызығушылыққа ие. Осыны ескере отырып, ұйымдастырушылар тек Карловы Вары қаласында орналасқан танымал қонақ үйлермен шектелмей, қазақстандық аудиторияға бұрын ұсынылмаған жаңа курорттық орындарды да таныстыруды көздеді.
Іс-шара бағдарламасы қатысушыларға жан-жақты әрі мол ақпарат ұсынуға бағытталып құрылды. Осы мақсатта қазақстандық қатысушылар алдымен чех делегациясы өкілдерінің барлық таныстырылымдарымен толық танысты. Қонақ үйлердің таныстырылымымен қатар, CzechTourism агенттігі ұсынған Чехиядағы және чех курорттық индустриясындағы түрлі белсенді демалыс түрлері де тыңдаушылар тарапынан ерекше қызығушылық тудырды. Сонымен қатар, аутлет-орталық өкілі жас буынға бағытталған қызметтер туралы жан-жақты ақпарат берді. Презентациялық бөлімнен кейін B2B форматындағы іскерлік кездесулер өтті. Бұл сессия барысында чех компанияларына өз өнімдері мен қызметтерін егжей-тегжейлі таныстыруға мүмкіндік берілді. Қазақстандық туристік сала өкілдері тарапынан аталған іс-шараға жоғары деңгейде қызығушылық байқалды — Чехия бағытындағы халықаралық туризммен айналысатын 60-тан астам туристік компания, агенттік және туроператорлардың өкілдері қатысты. Қатысушылар саны шектеліп, әр ұйымнан тек бір өкілдің қатысуына рұқсат етілді.
Іс-шара CzechTourism агенттігінің қызметін үйлестіретін Чехия Республикасының Өңірлік даму министрлігінің қаржылық қолдауымен PROPED бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Қазақстандық туризм саласының өкілдері тарапынан жоғары қызығушылықтың байқалуына байланысты, Чехия Республикасының Астанадағы Елшілігі алдағы уақытта тек курорттық бағыттармен шектелмей, қазақстандық туристер үшін қызығушылық тудыруы мүмкін мәдени, танымдық және демалыс бағыттарына арналған өзге де ұқсас іс-шараларды өткізуді жоспарлап отыр.
Маркета Печкова, Чех Республикасының Елшілігі, Астана қаласы